2025 жылғы 14 қарашада елордалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты. Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шара қатысушыларына АИТВ орталығы директорының міндетін атқарушы Денис Панченко сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың жүйелі профилактикасының маңыздылығын атап өтті. Ол процестердің ашықтығы мен адалдығы медициналық ұйымдарға қоғамның сенімін қалыптастырудың негізгі факторы екенін ерекше айтты, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жазаның бұлтартпастығына тоқталды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас мамандары – Мамырхан Рахметуллович Макажанов және Акерке Кенжебаевна Айтуева қатысты. Спикерлер мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары, өзекті алдын алу шаралары және денсаулық сақтау саласында жиі кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы кеңінен баяндап, профилактикалық мазмұндағы бірқатар бейнероликтерді көрсетті.
Семинар барысында ішкі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, рәсімдерді жетілдіру, ашықтықты арттыру және қызметкерлердің адалдығын күшейту мәселелеріне, сондай-ақ бөлімше басшыларының бағыныштыларының заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Осындай кездесулер ұйымдардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуына және халыққа сапалы әрі әділ қызмет көрсетуге бағытталған жұмыс тиімділігін арттыруына ықпал етеді.

